Сенбі күні Астана қаласындағы № 98 «Мирас» балабақшасының ауласында ерекше сергектік пен ұйымшылдық сезілді. Таңмен таласа жиналған балабақша ұжымы сенбілік ұйымдастырып, мекеменің айналасын абаттандыруға білек сыбана кірісті.

Сенбілік барысында балабақша қызметкерлері жасыл желекті көбейту мақсатында түрлі жеміс ағаштары мен көшеттер отырғызды. Аулада орналасқан жиектастар әктеліп, балғын бүлдіршіндердің сүйікті орыны – беседкалар мұқият тазаланды. Әр топтың тәрбиешілері өз алаңқайларын сыпырып, жинақылық пен тазалықтың жарқын үлгісін көрсетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, тазалық жұмыстарынан ешкім тыс қалмады. Әр маман өз қолтаңбасын қалдырғандай, аула ажары арта түсті.

Балабақша меңгерушісі Несібелі Бахтигрейқызы сенбілік жұмыстарына өзі де белсене қатысып, ұжыммен бірге еңбек етті.
– Балалар тазалықты сөзбен емес, көзбен көріп, жүрекпен сезуі керек. Бүлдіршіндерге қоршаған ортаға деген жауапкершілікті іс арқылы үйрету – біздің парызымыз. Таза орта – таза ой мен жарқын болашақтың кепілі, – дейді меңгеруші.

Сенбіліктің нәтижесінде балабақша ауласы мұнтаздай таза, көрікті келбетке енді. Күздің жаймашуақ күнінде өткен игі іс-шара ұжымның бірлігін, еңбекке деген сүйіспеншілігін және балабақшаға деген жауапкершілігін айқын көрсетті. Қарапайым ғана сенбілік, шын мәнінде, үлкен тәрбие сағатына айналды.


Ұжымның бірлігі, еңбекке деген сүйіспеншілігі, баланың болашағына деген жанашырлығы – осының бәрі сенбілік жұмыстары барысында жарқырай көрінді. Мұндайда халқымыздың: «Тазалық – тәртіптен, тәртіп – талаптан» деген дана сөзі еске түседі. Шынында да, мұндай игі іс балаларға тек таза аула ғана емес, таза сана, үлгі боларлық өнеге сыйлайды.
Ботакөз АЖМАМБЕТОВА, Астана қаласы әкімдігінің №98 «Мирас» балабақшасының инновация әдіскері



